Құлсары қаласында сублимацияланған бесбармақ әзірленді. «Maliboo» студиясының негізін қалаушы, кәсіпкер Анар Бейсен Жылыой ауданының әкіміне ерекше өнімді таныстырды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Өнім тез дайындалатын кеспе қағидасы бойынша әзірленеді: үстіне қайнаған су құйып, бірнеше минут күту жеткілікті. Осы уақыт ішінде өнім құрамындағы ингредиенттер қалпына келіп, дайын бесбармаққа айналады.
5 тамыз күні Анар Бейсен аудан әкіміне жаңа өнімді таныстырып, оны дайындау технологиясы мен жобаның негізгі мақсаттары туралы айтып берді.
Кәсіпкердің айтуынша, ол үшін бұл жобаның басты мотивацияларының бірі – осындай өнімді туған жері Құлсарыда жасап, оны одан әрі дамыту.
Анар Бейсеннің бұл бастамасы ұлттық тағамды заманауи технологиямен ұштастырып, отандық өнімді жаңа форматта ұсынуға мүмкіндік береді.