Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Үй жануарларын міндетті түрде чиптеу қажет

Қазақстанда үй жануарларын ұстауға қойылатын талаптар күшейтілуде, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Қазақстанда үй жануарларын ұстау саласына қатысты талаптар кезең-кезеңімен күшейтіліп жатыр. Жаңа өзгерістер, ең алдымен, қоғамдағы жауапкершілікті арттыруға және қаңғыбас жануарлар мәселесін жүйелі түрде шешуге бағытталған.

Атырау қаласының эко-белсендісі Мамучар Жабасовтың айтуынша, бұл мәселені тек біржақты шаралармен шешу мүмкін емес. Ол кешенді тәсілді талап етеді, яғни заңнамалық бақылау, қоғамдық сана және жауапты иелік мәдениеті қатар дамуы қажет.

– Үй жануарларын міндетті түрде тіркеп, чиптеу қажет. Бұл – әрбір жануардың нақты иесі бар екенін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар иттерді сату тек ресми тіркелген ұйымдар арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Мұндай талаптар бақылауды күшейтіп, жануарлардан негізсіз бас тарту жағдайларын азайтады. Ең бастысы – жануарларды көшеге тастауға болмайды, – дейді Мамучар Жабасов.

Қолданыстағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес, енді иттер мен мысықтарды міндетті түрде чиптеу енгізіледі. Бұл жүйе жануарлардың есебін жүргізуге, олардың қозғалысын бақылауға және жоғалған жағдайда табуға көмектеседі. Сонымен қатар тіркеудің болмауы әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

Мамандардың пікірінше, қаңғыбас жануарлар мәселесінің басым бөлігі көшеде емес, дәл үй жағдайында басталады. Яғни, кейбір иелер жануарларын дұрыс қарамай, кейін олардан бас тартып, көшеге тастайды. Соның салдарынан қала көшелерінде қараусыз қалған иттер мен мысықтардың саны артады.

Жаңа талаптарға сәйкес, енді ішкі істер органдарының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп профилактикалық тексерулер жүргізе алады. Бұл тексерулердің негізгі мақсаты – тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу және заң талаптарының сақталуын бақылау. Алғаш рет құқық бұзған азаматтарға ескерту жасалады. Егер заң бұзушылық қайталанса, айыппұл салынады. Ал жүйелі түрде талаптарды орындамаған жағдайда жануарды алып қою шаралары қарастырылады.

Сонымен қатар заңда жануар ұстау ережелерін бұзудың салдары үшін жауапкершілік ерекше көрсетілген. Егер жануарды серуендету кезінде белгіленген талаптар сақталмай, адамға, мүлікке немесе басқа жануарларға зиян келтірілсе, оның иесі келтірілген шығынды толық өтеуге міндетті болады. Бұл норма азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ал егер жануардың әрекеті салдарынан адамның денсаулығына ауыр зиян келтірілсе, онда заңнамаға сәйкес қатаң шаралар қолданылады. Мұндай жағдайларда жауапкершілік күшейтіліп, тіпті белгіленген тәртіп бойынша жануарды эвтаназиялау мәселесі де қарастырылуы мүмкін.

Жалпы алғанда, енгізіліп жатқан бұл талаптар қоғамда жануарларға деген жауапкершілікті арттыруға, олардың құқықтарын қорғауға және қалалардағы экологиялық әрі санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, әрбір азамат өз үй жануарына жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана бұл мәселе тиімді шешімін табады.

Фото: ru.freepik.com