Атырау облысында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа оқу жылында өңір мектептерінде 155,5 мың оқушы білім алады. Оның ішінде 15,2 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Биыл, облыстық құрылыс басқармасынан білгеніміздей, өңірде 9 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Оның сегізі 1 қыркүйекте ашылса, қазан айында Индер ауданының Есбол ауылындағы 320 орындық мектеп пайдалануға беріледі.
Жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашатын білім беру нысандары: Құрманғазы ауданындағы “Келешек мектептері” аясында екі мектеп; Жылыой ауданы, Құлсары қаласындағы 1200 орындық Келешек мектеп; «Көктем-2» шағынауданындағы 600 орындық мектеп; Еркінқала-2 ауылындағы 600 орындық мектеп; Дамбы ауылындағы 300 орындық мектеп; Қызылқоға ауданы Жамансор ауылындағы интернатымен бірге 80 орындық мектеп; Индер ауданы Есбол ауылындағы 320 орындық мектеп;
Сонымен қатар Атырау қаласында екі өнер мектебінің құрылысы аяқталып, “Еркінқала” өнер мектебі халық игілігіне тапсырылды. Жаңа мектептердің іске қосылуы үш ауысымды оқыту мәселесін азайтуға мүмкіндік береді. Бұған дейін облыста бес мектеп үш ауысымда жұмыс істесе, жаңа нысандар ашылғаннан кейін олардың саны үшеуге дейін қысқарады.
Сонымен қатар облыстағы 7 апатты мектептің мәселесін шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қ. Есқалиев атындағы мектептің құрылысы 95%-ға жуық орындалды. Тағы бес мектептің құрылысы жүріп жатыр, бір нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.
Барлық жұмыстарды 2027 жылғы тамызға дейін аяқтау жоспарланған. Мақсат – әр оқушыға қауіпсіз, заманауи әрі жайлы білім беру ортасын қалыптастыру.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ