Тараз қаласында жедел медициналық жәрдем бригадаларының II республикалық чемпионаты басталды. Үш күнге жоспарланған додаға Қазақстанның барлық өңірлерінен үздік командалар, сондай-ақ шетелдік бес елдің өкілдері қатысып жатыр, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысының намысын жедел жәрдем қызметінің медицина мамандарынан құралған команда қорғайды. Жерлестеріміз чемпионатқа екі ай бойы тыңғылықты дайындалған.
Жарыс алдында Атырау жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Айбек Орынбасарұлы команда мүшелеріне сәттілік тілеп, қолдау білдірді.
«Біздің мамандар бұл жарысқа үлкен жауапкершілікпен келді. Команданың дайындығы жоғары деңгейде, сондықтан олардың шеберлігіне толық сенім білдіремін», — деді ол.
Үздік медициналық бригадалар шұғыл көмек көрсету шеберлігін, жылдамдығы мен кәсіби дайындығын сынайды.
