10 қазан күні сағат 22:50 шамасында Құрманғазы ауылы маңындағы жанармай құю бекетінің жанында патрульдік полиция қызметкерлері көмекке мұқтаж Германияның төрт азаматын байқады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Белгілі болғандай, шетелдік азаматтар Қазақстаннан Қырғызстанға қарай жолға шыққан. Алайда жолда көліктерінің біріндегі қосалқы бөлшек істен шығып, сапарларын өз бетінше жалғастыру қиынға соққан.
Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Әліби Жасталапов пен аға инспектор, полиция капитаны Нұрмағанбет Мүкішев шетелдіктерге қажетті көмек көрсетіп, жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде Германия азаматтары сапарларын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды.
Полиция өкілдері қызметкерлердің жол қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, қиын жағдайға тап болған азаматтарға да көмек көрсетуге әрдайым дайын екенін атап өтті.

