Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атыраулық подполковник 20 жыл қылмыспен күресіп келеді

Қос иығына жұлдызды абыроймен тағу – тек қызмет емес, үлкен жауапкершілік. Ал сол жауапкершілікті арқалай жүріп, аяулы ана, ардақты жар болу – бүгінгі заманның батыл да қайсар әйеліне ғана тән қасиет. Қоғамда «погондағы әйел» ұғымы қалыптасып, полиция қызметіндегі нәзік жандылардың бейнесі күн сайын жаңа қырынан танылып келеді. Осындай асыл қасиеттер бойына тән жандардың бірі – Атырау қаласы Полиция басқармасының Штаб бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Тастемирова Қарлығаш Жалғасбайқызы, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Төрт баланың аяулы анасы Қарлығаш Жалғасбайқызы 2003 жылы ҚР ІІМ Семей заң колледжін, кейін 2012 жылы ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң академиясын үздік аяқтағаннан кейін, еңбек жолын Ақтау қаласында тергеуші лауазымынан бастап, кейін криминалдық полиция қызметінде жалғастырған. 2013 жылы тұрмыс құруына байланысты Атырау қаласына ауысып, қызметін криминалдық полиция саласында жалғастырды. Ішкі істер органдарында 20 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан Қарлығаш бүгінде Штаб бөлімінің бастығы лауазымында абыройлы еңбек етуде.

Полиция қызметін таңдауға бала кезінен әділдікке тәрбиелеген, төтенше жағдайлар қызметінде еңбек етіп, зейнетке абыроймен шыққан әкесінің өнегелі жолы үлкен әсер еткен. Әкесінің қызметке адалдығы мен әділдік жолындағы ұстанымы Қарлығаш Жалғасбайқызының өмірлік бағытын айқындап бергендей.

– Өмірде әділетсіздікке бейжай қарай алмаймын. Заңды білу және сол арқылы адамдарға нақты көмек көрсеткім келді. Сондықтан бұл мамандықты саналы түрде таңдадым, — дейді ол.

Өз қызметінде Қарлығаш Жалғасбайқызы заңдылық, адалдық және жауапкершілік қағидаттарын басты ұстаным етеді. Оның айтуынша, штаб қызметіндегі негізгі талап – ақпараттың дәлдігі, жеделдік пен тәртіп. Ал қызметтегі басты мақсат – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, полицияға деген сенімді сақтау.
Қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүрген Қарлығаш Жалғасбайқызы – бүгінгі қоғамдағы полиция қызметіндегі әйелдердің кәсіби біліктілігі мен адами болмысының жарқын үлгісі.