Вьетнамның Ханой қаласында халықаралық математикалық олимпиада AIMO-ның финалы өтті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Жарысқа Қазақстаннан 63 оқушы қатысып, олардың 59-ы жүлделі орындарға ие болды. Жеңімпаздар қатарында Атырау облысының оқушысы Дарын Жайлыбай да бар. Ол олимпиадада қола медаль жеңіп алды.
Сәуір айында Дарын онлайн іріктеу кезеңіне қатысып, бірінші орынға ие болған. Осы нәтижесінің арқасында ол Вьетнамда өткен финалға жолдама алған.
Дарынның айтуынша, халықаралық олимпиадаға қатысу — білімін сынаумен қатар, басқа елдердің оқушыларымен тәжірибе алмасып, жаңа білім алып, өзіне мотивация жинауға мүмкіндік береді.
Оның математикаға деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Алғаш рет «Бастау» қалалық олимпиадасына қатысып, екінші орын алған. Содан бері ол білімін жетілдіріп, түрлі деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
«Бұл жетістікпен тоқтап қалғым келмейді. Келесі жылы да қатысып, бұдан да жоғары нәтиже көрсетуді жоспарлап отырмын», — деді жас математик.