Жыл басынан бері Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек алу үшін шамамен 18,6 мың адам жүгінген, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Олардың 13,8 мыңы қажетті әлеуметтік қызметтер мен құралдарға ие болды. Олардың қатарында протездер, мүгедектер арбалары, есту және көру құрылғылары, жеке көмекші қызметі, сурдоаударма және басқа да қолдау түрлері бар.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, өтініш білдіргендердің 97,5%-ы жеке көмекшімен, ал 90,8%-ы қажетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілген.
Өңірде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары да жалғасуда. Биыл 444 нысанды бейімдеу жоспарланған, оның 217-сі қазірдің өзінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді етіп жабдықталған.
«Инватакси» қызметі де жұмысын жалғастыруда. Жыл басынан бері шамамен 210 мың сапар жүзеге асырылып, қызметті 3 мыңнан астам адам пайдаланған.
Қазіргі таңда Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 18 ұйым жұмыс істейді.