Атырауда дүкен алкоголь өнімдерін заңсыз сатқаны үшін қайтадан жауапқа тартылды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Тексеруді қалалық №1 полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізді. Рейд барысында дүкен сөресінен соттың қолданыстағы тыйымына қарамастан сатылып жатқан алкоголь өнімдері анықталған. Бұған дейін де сауда нүктесінің иесіне бір ай мерзімге спирттік ішімдік сатуға тыйым салынған болатын. Алайда кәсіпкер заң талаптарын қайта бұзған.
Аталған дерек бойынша жеке кәсіпкерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Алкоголь өнімдері тәркіленіп, іс материалдары әкімшілік сотқа жолданды.
Полиция өкілдері күшті алкоголь өнімдерін кешкі сағат 21:00-ден күндізгі 12:00-ге дейін, ал сыраны 23:00-ден 08:00-ге дейін сатуға тыйым салынғанын еске салды. Заң бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
