Атырауда жас жұбайлар Райымбек Ұзақбаев пен Гәкку Сыдықова үйлену тойынан бір күн өткен соң бірге №130 сайлау учаскесіне келді.
Кеше ғана шаңырақ көтеріп, өмірлерінің жаңа кезеңін бастаған ерлі-зайыптылар бүгін Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасады. Жас отбасы үшін бұл күн бірнеше себеппен ерекше болды. Олар отбасылық өмірінің алғашқы күндерін ел үшін маңызды қоғамдық-саяси шараға бірге қатысудан бастауды жөн көрді.
«Біз кеше ғана отбасын құрдық, ал бүгін ел болашағы үшін маңызды сайлауға бірге келдік. Бұл – біз үшін ерекше күн. Жаңа отбасымызға амандық, елімізге жарқын болашақ тілейміз. Біз өз таңдауымызды жасап, азаматтық борышымызды орындадық», – деді жас жұбайлар.
Райымбек пен Гәккудің сайлауға бірге қатысуы ерлі-зайыпты ретіндегі алғашқы ортақ қадамдарының бірі болды. Олардың бұл әрекеті жас отбасылардың ел өміріне белсенді араласуға ұмтылатынын көрсетеді.
№130 сайлау учаскесі Нәріман Үлкенбайұлы атындағы Мәдениет үйінде орналасқан. Мұнда 1 389 сайлаушы тіркелген.