Атырау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5546 әскери бөлімінде әскери ант қабылдаған жас сарбаздар алғаш рет жауынгерлік қызметке шықты, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Оқу бағдарламасын толық меңгерген жас жауынгерлер енді қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерін орындайтын болады. Бұл туралы еліміздің Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлім етті. Қатардағы жауынгер Қамбар Талапов үшін бұл күн әскери өмірдегі ерекше белес болды.
— Алғаш рет жауынгерлік қызметке шығу – әрбір сарбаз үшін үлкен жауапкершілік. Біздің басты міндетіміз – қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіптің сақталуына үлес қосу. Командирлердің бізге артқан сенімін ақтау, – деді жас сарбаз.
Енді жас сарбаздар бір жыл бойы Атырау қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік қызмет атқарады. Олар полиция қызметкерлерімен бірлесіп патрульдік қызметке шығып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, құқық бұзушыларды ұстауға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосатын болады.
Сәуле МАҒАУ
