Атырауда өткір заттан бірнеше жарақат алған 8-сынып оқушысы жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне ауыстырылды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Бұл туралы облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Ержан Есболаев хабарлады. Оның айтуынша, қыз бала ауруханаға ауыр жағдайда түсіп, шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылған.
«Жарақат кезінде мойын аймағы, кеуде қуысы және қолы зақымданған. Кеуде қуысы жарақаттарының ауырлығына байланысты балаға шұғыл көмек көрсету үшін жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр, тұрақты. Ол хирургия бөліміне ауыстырылып, анасымен бірге сол жерде жатыр» дейді маман.
Дәрігерлер зардап шеккен қыздың жағдайын бақылауды жалғастырып, қажетті медициналық көмекті көрсетуде.