Атырауда тамыз айында Драма театры, Рахат, Теміржол вокзалы, Болашақ және Геолог шағынаудандарында бес жаңа заманауи жабық аялдама пайдалануға беріледі. Бұл туралы AtyrauTODAY тілшісі хабарлайды.
Аялдамалар жеке кәсіпкерлердің қаражаты есебінен салынған. Жоба талаптарына сәйкес, павильонның бір бөлігі жолаушыларға арналған жайлы күту аймағы ретінде жабдықталған. Мұнда қыста жылы, жазда салқын жағдай жасалып, аялдаманың тазалығы мен күтімі тұрақты қамтамасыз етіледі.
Ал павильонның коммерциялық бөлігінде кәсіпкерлер кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады.
Қалалық қаржы бөлімінің коммуналдық меншік секторының меңгерушісі Мұхамбетжан Қожахметовтің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – қоғамдық көлік жолаушылары үшін жайлы әрі қолайлы аялдамалар санын көбейту.
– Осы мақсатта кәсіпкерлерге аялдама павильондарын орналастыру үшін арнайы жер учаскелері сенімгерлік басқару құқығымен берілді, – деді ол.
Қазіргі таңда Атырау қаласында қоғамдық көлікке арналған шамамен 400 аялдама бар. Алдағы уақытта олардың санын тағы 80-ге жуық көбейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қолданыстағы 200-ге жуық аялдама кезең-кезеңімен жаңғыртылатын болады.