Атырау қаласының Самал ықшамауданында бой көтеретін шипажай-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Жалпы аумағы 173 гектарды құрайтын жоба өткен жылдың жазында басталған. Қазір нысанда іргетас құю жұмыстары жүргізілуде. ӨКҚ мәліметінше, жоба аясында табиғи тұзды көлдер тереңдетіліп, жағалауы абаттандырылады. Демалыс орындары, серуендеу жолдары мен амфитеатр салынып, көл суының құрамы жан-жақты зерттеледі. Кешенде қызметтер ақылы және тегін негізде көрсетіледі.
- Жобаның алғашқы кезеңін 2027 жылдың тамызында аяқтау жоспарланып отыр. Осы кезеңде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, үлкен теннис корттары, жабық және ашық бассейндер пайдалануға беріледі. Кейін шипажай мен емдеу-оңалту орталығы салынып, заманауи медициналық және диагностикалық құралдармен жабдықталады. Кешен ауысымдық әдіспен еңбек ететін жұмысшылар мен өңір тұрғындарына сауықтыру және оңалту қызметтерін көрсетеді, - деді «Texol Group» компаниясының PR-директоры Мадина Қазбекова.
Жобаны толық аяқтау алдағы 3–4 жылға межеленген.
Сәуле МАҒАУ