Атырау облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 24 дрон іске қосылды. Олар құқық бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде тіркеп, ақпаратты полицияның орталық базасына жібереді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Заманауи технологиялардың жұмысы туралы журналистерге Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Онал Бекеев айтып берді. Дрондардан бөлек, полицейлер Ekin Patrol мобильді кешенін таныстырды. Арнайы көлік 12 камерамен жабдықталған. Ол мемлекеттік нөмірлерді автоматты түрде таниды, жол қозғалысы ережесін бұзғандарды және іздеуде жүрген көліктерді анықтайды.
Жүйе аумақты 360 градус қамтып, 200 метрге дейінгі қашықтықтағы құқық бұзушылықтарды тіркей алады. Алдағы уақытта мұндай патрульдік көліктердің санын 50-ге дейін көбейту жоспарланып отыр.
Пресс-тур соңында Сәтбаев даңғылы бойындағы аулалардың бірінде тұрғындармен кездесу өтті. Полицейлер бейнебақылау жүйесін дамыту, аулалардағы қауіпсіздікті күшейту шаралары туралы сөз қозғады. Сондай-ақ интернет-алаяқтықтан қорғану жолдарын, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен есірткі қылмыстарының алдын алу шараларын түсіндірді.
