Атырау қаласында жастарға арналған «Атырау қала жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталады. Бағдарлама жас мамандарды қолдауға және олардың баспана мәселесін тиімді шарттармен шешуге бағытталған, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Өтінімдер 2026 жылғы 7–27 шілде аралығында eatyrau.kz порталы арқылы онлайн қабылданады. Бағдарлама аясында қатысушыларға жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен несие беру қарастырылған. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10 пайызынан басталады. Қарыздың ең жоғары сомасы 20 миллион теңгені, ал несиенің ең ұзақ мерзімі 19 жылды құрайды. Бағдарлама бойынша сатып алынатын тұрғын үй Атырау қаласының аумағында орналасуы тиіс.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткер Қазақстан Республикасының азаматы болуы, Атырау қаласында тұрақты тіркеуде тұруы және өтінім берген сәтте жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда) болуы қажет. Сонымен қатар қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйі болмауы тиіс.
Сондай-ақ өтініш берушінің кемінде соңғы бір жыл бойы үздіксіз ресми жұмыс өтілі болуы және бұл зейнетақы аударымдары арқылы расталуы қажет. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана қатыса алады.
«Атырау қала жастары» бағдарламасы әлеуметтік маңызы бар салаларда еңбек етіп жүрген жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары білім және ғылым, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік қорғау салаларының қызметкерлері, қаланың коммуналдық кәсіпорындары мен мекемелерінің мамандары, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, «Қазпошта» АҚ-ның пошташылары, сондай-ақ коммуналдық тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар және мемлекеттік қызметшілер қатыса алады.
Қала әкімдігі бағдарламаға қатысуға ниетті азаматтарды қажетті құжаттарды алдын ала әзірлеп, белгіленген мерзімде өтінім беруге шақырады.
«Атырау қала жастары» тұрғын үй бағдарламасы жастардың қолжетімді әрі тиімді шарттармен баспана алуына мүмкіндік жасап, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және өңірде тұрақты еңбек етуіне қолдау көрсетуді көздейді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

