Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұмауға қарсы Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Вакцина құрамында тұмаудың A/H3N2/, A/H1N1/ және B штамдарының антигендері бар. Бұл туралы ӨКҚ-не облыстық СЭБД басшысының орынбасары Гүлназ Ирбатырова мәлім етті. Жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың 2026-2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусымы 1 қазаннан басталып, 2027 жылғы 1 мамырға дейін жалғасады.
⁃ №1 емханада ЖРВИ-ға қарсы екпе 5 қазанда басталды. Содан бері күніне оннан астам тұрғын келіп, вакцина салдыру жақсы жүріп жатыр. Балаларға 6 айдан бастап, жүкті әйелдерге 2,3 триместр кезінде және созылмалы дерті бар науқастарға да екпе алуға болады. Соңғы жылдары тұрғындардың ЖРВИ-ға қарсы вакцинаға белсенділігі артып келеді, - деді Жалпы тәжірибелі дәрігер Сандуғаш Үсенова.
Мамандардың айтуынша, алдағы эпидемиологиялық маусымда облыс аумағында A/H1N1/pdm09 және A/H3N2 типті тұмау вирустарының қосалқы түрлері, сондай-ақ B (Victoria) вирусының айналымда болуы болжануда.
