Бүгінде мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау, олардың тәуелсіздігін арттыру және күнделікті өмірге бейімделуіне қолдау көрсету - маңызды. Әсіресе мүгедектер арбасын пайдаланатын жандар үшін дұрыс оңалту тек денсаулықты қалпына келтірумен шектелмей, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Осы мақсатта Атырау қаласында “Тиімді оңалту”лагерінің кезекті легі ұйымдастырылды. 8–13 қыркүйек аралығында өткен бес күндік лагерьге 10-нан астам адам қатысып, арбамен еркін қозғалу, өз-өзіне күтім жасау және белсенді өмір салтын ұстану дағдыларын жетілдірді.
Лагерь “Біз де адамбыз” қоғамдық қорының Теңізшевройл компаниясының “Әлеуметтік инвестициялар”бағдарламасы аясында жүзеге асты.
Қатысушылар арбамен жүру техникасын меңгеріп, жалпы дене шынықтыру, жүзу, аэробика және садақ ату сабақтарына қатысты. Сонымен қатар жеке гигиена, психологиялық қолдау және отбасы құру тақырыптарында дәрістер мен тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды.
Лагерьдің басты ерекшелігі-сабақтарды өздері де мүгедектер арбасын пайдаланатын кәсіби нұсқаушылардың өткізуі. Олар қатысушыларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, өз тәжірибелері арқылы күнделікті кездесетін қиындықтарды еңсерудің тиімді жолдарын көрсетті.
«Теңізшевройл» компаниясы үшін әлеуметтік инвестициялар - бұл адамдардың өміріне нақты өзгеріс әкелетін бастамаларға үлес қосу. Осы орайда, көп жылдан бері сенімді серіктесіміз болып келе жатқан «Біз де адамбыз» қоғамдық қорына және оның ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз. Осындай белсенді азаматтардың арқасында көптеген адам жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, белсенді өмірге қадам басып келеді,- деді «Теңізшевройл» компаниясының үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Картабаев.
“Тиімді оңалту” лагерінің нәтижесі - тек жаңа дағдыларды меңгеру емес, адамның өз мүмкіндігіне деген сенімін арттыру. Бүгінде жобаға қатысушылардың арасында спортпен айналысып, жаңа мамандық игеріп, жұмысқа орналасып, қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген жандар көп.
- Біз үшін ең маңыздысы-адамдардың өз күшіне сеніп, белсенді өмірге қайта оралуы. Қазір өңірімізде бір-бірін қолдайтын, спортпен және шығармашылықпен айналысатын белсенді арба пайдаланушылар қауымдастығы қалыптасып келеді. Бұл - жобаның маңызды нәтижелерінің бірі, - деді «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлназ Қосмурзиева.
“Тиімді оңалту” лагері биыл алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Осы уақыт ішінде жобаға 83-тен астам адам қатысты.
Жоба аясында оңалтумен қатар, қатысушыларға жаңа мамандық меңгеруге мүмкіндік беретін қысқа мерзімді оқу курстары да өткізіледі. Бүгінге дейін 30-дан астам адам кондитер, массажист, таргетолог, SMM маманы және басқа да бағыттар бойынша білім алған.
Сондай-ақ, қатысушылар мен олардың отбасылары үшін бочча турнирлері, интеллектуалдық ойындар, отбасылық тимбилдингтер және психологиялық тренингтер ұйымдастырылады.