Жыл басынан бері Атырау облысында судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 90 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1,3 миллион теңгені құрады. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Айбек Құспанғалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірдегі су айдындарында 10 адам, оның ішінде үш бала суға батып қайтыс болған. Ал шомылу маусымы басталғалы бері 9 адам, соның ішінде екі бала көз жұмған.
Қазіргі таңда су айдындарындағы қауіпсіздікті күн сайын полиция қызметкерлерімен, жергілікті атқарушы органдармен, еріктілермен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп 80-ге жуық қызметкер қамтамасыз етеді. Шомылу маусымы басталғалы бері 2700-ден астам рейд ұйымдастырылып, 6805 тұрғынмен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Өңірде шомылуға тыйым салынған 116 қауіпті аумақ бар. Бұл жерлерге 224 тыйым салу белгісі мен 9 ақпараттық стенд орнатылған. Ал ресми түрде жұмыс істейтін жағажайлар тек Атырау қаласында орналасқан, олардың саны – бесеу. Облыстың аудандарында ресми шомылу орындары жоқ.
Сондай-ақ, жыл басынан бері құтқарушылар суға батып бара жатқан үш баланы аман алып қалған.
Төтенше жағдайлар қызметі өңір тұрғындарын тек ресми жағажайларда демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.