Жасанды интеллект 2028 жылы қазақ тілінде жоғарғы деңгейде жауап беруі мүмкін. Бұл туралы Атырауда «Қазақ тілі және жасанды интеллект: теориядан практикаға» тақырыбында өткен республикалық семинар-кеңесте айтылды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
ӨКҚ мәліметінше, жиында жасанды интеллект жүйелерінің қазақ тіліндегі жауап сапасы мен оны жетілдіру бағыттары талқыланған. IT-сарапшы, жасанды интеллект зерттеушісі Тимур Бектұр «Қазақ тілі және жасанды интеллект» тақырыбында презентация жасап, технологияның қазақ тілін дамытуға беретін мүмкіндіктеріне тоқталды.
Оның айтуынша, ChatGPT, Claude, Gemini секілді жасанды интеллект құралдары қазақ тілінде жауап бере алады. Дегенмен кей жағдайда калька сөздерді қолдану, терминдерді қате аудару немесе жауапты басқа тілде ұсыну сияқты мәселелер кездеседі. Қазір жүйелердің қазақ тіліндегі сапасын арттыру үшін оларды қайта оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Менің болжамым бойынша, жасанды интеллект жүйелері қазақ тілінде 2027 жылы С1, ал 2028 жылы С2 деңгейінде жауап беруі мүмкін. Сондықтан тіл саласында қызмет ететін мамандар бұл технологияларды мемлекеттік тілді дамытуға кеңінен пайдаланып, оның мүмкіндіктерін тиімді қолдануы қажет, – деді Тимур Бектұр.
Семинар-кеңестің мақсаты – қазақ тілінің жасанды интеллект дәуіріндегі орны мен даму мүмкіндіктерін талқылап, теориялық ізденістер мен практикалық тәжірибені сабақтастыру.
Іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов өңірдегі тіл саясаты мен қазақ тілін дамыту бағытындағы жұмыстарды таныстырды.
Ал Уикипедия белсендісі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Ақмарал Дәуітқұлова қазақ тілінің ашық цифрлық кеңістіктегі қолданысы мен даму мүмкіндіктері туралы ой-пікірін ортаға салды.Сонымен қатар Жетісу облысының «Тіл» оқу әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Жолдыбаев қазіргі қазақ тілінің дамуы туралы айтты.
Фото: ru.freepik.com