Атырау облысында республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп-ұстау және жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бас мердігер мекемесі «ҚАЖсервис» ЖШС АОФ бас инженері Қайрат Қалиев айтты.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жол сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар қазіргі уақытта КАЗ-12 «Атырау – Орал» автомобиль жолының 5–95 шақырым аралығында қарқын алған. Қ. Қалиевтің айтуынша, бұл жолдың жабынындағы ойық-шұңқырлар ұсақ түйіршікті ыстық асфальтпен жамалып, сондай-ақ қиыршықтас материалын бүрку арқылы (нагнетание әдісімен) жамау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, КАЗ-09 «Ақтөбе – Қандағаш – Доссор – Атырау – РФ шекарасы» автомобиль жолының жекелеген учаскелерінде жүргізушілер үшін қозғалыс бағытын нақты айқындап, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін ортаңғы сызық жол таңбалары сылынып жатыр.
«Сонымен қатар, жол жабынындағы жарықтар бітеліп, жол жиектері тегістеліп, қалыпқа келтірілді, шуыл жолағы орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер ретке келтірілді. Жол белгілері жаңартылып, қайта жаңғыртудан кейін жарықтандыру жүйесі кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр” дейді Қ.Қалиев.
Сондай ақ, ҚР Президент Әкімшілігі тапсырмасына сай, республикалық маңызы бар КАЗ-09 «Ақтөбе – Қандағаш – Доссор – Атырау – Құрманғазы» автомобиль жолы бойына 300 дана көшет отырғызылған. Оларды күтіп-ұстау жұмыстары жүйелі жүргізіледі.
Бұл жұмыстарды «Қажсервис» ЖШС Атырау филиалы жүзеге асырып жатыр. Жолшылар жол қозғалысына барынша кедергі келтірмеу үшін жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізуде.
“Жол пайдаланушылардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, жолда белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауды сұраймыз”, дейді мамандар.
