Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда мүлде ішімдік ішпейтін ауыл бар...

 

 

Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Амангелді ауылы – татулығы тамыр жайған, тірлігі өнегеге айналған елдімекен. Шағын ғана ауыл болғанымен, үлкен өнегенің ордасы десек артық емес. Бүгінде бұл мекенде 90 тұрғын үйде 480 адам тату-тәтті өмір сүріп келеді. Халық саны аз болғанымен, ауызбіршілігі мығым, қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілігі жоғары, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

 

 

Ауылдағы тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуына учаскелік полиция инспекторы Серік Габдулов те сүбелі үлес қосып келеді. Ол тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді.

 

 

Халықпен етене араласу, әр шаңырақтың тыныс-тіршілігін назарда ұстау – учаскелік инспектор қызметінің басты қағидаты. Осындай серіктестік пен сенім – ауыл тыныштығының берік кепілі.

 

 

Ең басты жетістік – өлкеде соңғы төрт жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл – ауыл тұрғындарының өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделген өмір салтын таңдағанын айғақтайды.

 

 

Ауылдың тағы бір ерекшелігі – соңғы 15 жыл бойы мұнда алкоголь өнімдері сатылмайды. Бұл бастама ауыл ақсақалдары мен белсенді азаматтардың ортақ келісімімен қабылданып, бүгінде игі дәстүрге айналған.

 

 

Ішімдіктен бас тарту – қоғамдық тұрақтылықтың, отбасы берекесінің және ұрпақ тәрбиесінің мызғымас тірегі болып отыр. Ауыл тұрғындары бос уақытын адал еңбекпен, спортпен, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеумен өткізеді. Жастар үлкендердің өнегесін көріп өсуде. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, дау-дамайды келісіммен шешу – бұл елді мекеннің күнделікті өмір салтына айналған.

 

 

Айта кетейік, бүгінде Атырау облысы аумағында 56 елдімекен алкогольден бас тартқан. Мұндай ауылдарда қоғамдық тәртіп нығайып, тұрғындар арасындағы өзара сыйластық пен сенім арта түсуде. Амангелді ауылының қарапайым да парасатты өмір салты – тазалық пен татулықтың жарқын көрінісі.

 

Осындай үлгілі елдімекендер көбейген сайын, қоғамымыздың іргесі бекіп, ел болашағының да еңсесі биіктей беретіні анық.