Атырауда контейнер алаңдары тек қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинауға арналғаны тағы бір мәрте ескертілді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Контейнерлердің жанына құрылыс қалдықтарын, ірі көлемді заттарды және өсімдік қалдықтарын тастауға тыйым салынады. Коммуналдық қызметтердің түсіндіруінше, кірпіш, бетон, есік, терезе, жиһаз, тұрмыстық техника, ағаш бұтақтары, шабылған шөп пен жапырақтар ҚТҚ қатарына жатпайды және қоқыс таситын көліктердің күнделікті бағыты бойынша шығарылмайды. Мұндай қалдықтарды контейнерлердің жанына үйіп қою ретсіз қоқыс орындарының пайда болуына әкеліп, арнайы техниканың жұмысына кедергі келтіреді.
Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Алғашқы құқық бұзушылық үшін 43 250 теңге, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Құрылыс, ірі көлемді және өсімдік қалдықтарын тұрғындар арнайы полигондарға өздері жеткізуі немесе мамандандырылған ұйымдардың қызметіне жүгінуі қажет.
