2026–2027 оқу жылына арналған білім грантына өтініштерді 10–14 тамыз аралығында онлайн форматта eatyrau.kz порталы арқылы беруге болады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Гранттар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Олар өңірге қажетті, сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған.
Биыл талапкерлер 30-ға жуық білім беру бағыты бойынша грант иелене алады. Олардың қатарында медицина, IT, психология, педагогика, сәулет, құрылыс, экология, су ресурстары, математика, физика, химия, биология, актерлік өнер, теология және басқа да бағыттар бар.
Сонымен қатар автоматтандыру, қалдықтарды басқару, сумен жабдықтау және су бұру, гигиена және эпидемиология сияқты сұранысқа ие мамандықтарға да гранттар қарастырылған.
Байқауға ҰБТ нәтижесі бойынша жоғары оқу орындарына түсу талаптарына сәйкес келетін талапкерлер қатыса алады. Ал шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер шығармашылық емтихандардан өтуі қажет.
Грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін Атырау облысының білім басқармасының ресми интернет-ресурстарында және әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланады.
Фото: Амандық АБДОЛ