Атырау +7 7719012424 Электрондық пошта мекенжайы спам-боттардан қорғалған. Мекенжайды көру үшін браузерде Javascript қосулы болуы тиіс.

Тілді таңдаңыз

Тілді таңдаңыз

Атырауда «Әкелер патрулі» профилактикалық іс-шарасы өтті

Атырау облысында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында «Әкелер патрулі» профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Іс-шара 2026 жылғы 29 қыркүйекте Атырау облысы Білім беру басқармасының «Ұрпағыңмен мың жаса» жобасы аясында өткізілді.

Басты мақсат – балалардың түнгі уақыттағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ата-аналар қауымдастығының белсенді қатысуын арттыру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және ата-аналардың бала қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін күшейту.

Патрульдік шараға Атырау қаласының 5 шағын ауданынан 38 әке қатысты. Олар қоғамдық орындар мен балалар мен жасөспірімдер көп шоғырланатын нысандарды аралады. Іс-шара Атырау қаласы Полиция басқармасының 12 қызметкерінің сүйемелдеуімен ұйымдастырылды.

Аралау барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы және балалардың ойын-сауық орындарында болуына қатысты жағдайлар бақылауға алынды.

Сонымен қатар ата-аналармен және нысан әкімшіліктерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оларға кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатысты талаптар түсіндіріліп, ата-аналардың бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жауапкершілігі туралы айтылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген 9 жасөспірімнің ата-анасына және 2 нысан әкімшісіне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

«Әкелер патрулі» сияқты профилактикалық іс-шаралар ата-аналар мен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын күшейтуге, балалардың қауіпсіздігіне қоғамның назарын арттыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.

Балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру – ата-ана, мектеп, құқық қорғау органдары және жалпы қоғамның ортақ міндеті.