Атырау облысында балалар арасында жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Қазіргі уақытта облыстық инфекциялық ауруханада шамамен 170 науқас ем қабылдап жатыр. Олардың 30-ға жуығы — үш жасқа дейінгі балалар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Дәрігерлердің айтуынша, кішкентай балаларда ЖРВИ асқынған жағдайда ауруханаға жатқызу қажеттілігі жиі туындайды. Ал мектеп жасындағы балаларда ауру, әдетте, жеңілірек өтеді.
Мамандар ЖРВИ-дің ауа-тамшы жолы арқылы таралатынын ескертеді. Сондықтан балалар ұжымдарында жұқтыру қаупі жоғары.
Қауіп тобына иммунитеті әлсіреген және созылмалы аурулары бар балалар, жүкті әйелдер, сондай-ақ өкпе аурулары бар адамдар жатады.
Дәрігерлер вакцинация жасауды, таза ауада серуендеуді және аурушаңдық артқан кезеңде көпшілік іс-шараларға бармауды ұсынады. Балада ауру белгілері байқалса, оны балабақшаға немесе мектепке жіберуге болмайды. Ал дәрі-дәрмектерді тек дәрігердің тағайындауы бойынша қабылдау қажет.
Фото: ru.freepik.com