Атырау облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында санитарлық тәртіпті сақтау бойынша рейдтік жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Полиция қызметкерлері жаз мезгілінде заңбұзушылықтар жиі тіркелетін жаппай демалыс және пикник орындарында тексеру жүргізуде. Демалушыларға тазалық сақтау, қоқысты жинап кету және қалдықтарды тек арнайы белгіленген орындарға тастау қажеттігі ескертілуде.
Жыл басынан бері өңірде абаттандыру қағидаларын бұзудың шамамен 2400 дерегі анықталған. Оның басым бөлігі табиғат аясындағы демалыс пен пикниктерден кейін аумақтарды ластаумен байланысты.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайлар экологияға және демалыс орындарының сыртқы келбетіне кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты тұрғындар жауапкершілік танытуға шақырылуда.
