28 ақпаннан бастап атыраулық полицейлер жасөспірімдер арасында орын алатын құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында кешенді түсіндіру жұмыстарын бастады. Басты мақсат – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
«Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізумен қатар, түнгі уақытта ата-ана қарауынсыз қоғамдық орындарда жүрген жасөспірімдерді де анықтауда. Мәселен, іс-шараның алғашқы күнінде 100-ден астам құқықбұзушылық дерегі тіркелді. Полицейлер сағат түнгі 23:00-ден асқан соң өздеріне бекітілген аумақтар бойынша топқа бөлініп, Атырау қаласында орналасқан бірқатар мекенжайларға бағыт алды. Олардың қатарында жасөспірімдер жиі баратын компьютерлік ойын клубтары, сауда және ойын-сауық орындары, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен саябақтар бар. Сонымен қатар, арнайы есепте тұрған жасөспірімдер мен кәмелетке толмаған балалар тәрбиеленіп жатқан проблемалы отбасылардың мекенжайлары да полиция қызметкерлерінің назарынан тыс қалған жоқ.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүруіне қатаң тыйым салынған. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандар түнгі сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемелерінде бола алмайды. Бұл талапты бұзған жағдайда, олардың ата-анасына немесе заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал егер жасөспірім түнгі 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін заңды өкілінсіз тұрғынжайдан тыс жерде анықталса, ата-анасына немесе заңды өкіліне ескерту жасалады. Алайда әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде бұл құқықбұзушылық қайта тіркелген жағдайда, ата-анаға жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайтын ювеналдық полиция инспекторлары төбелес, бұзақылық пен буллинг секілді түрлі қылмыстардың дәл осы түнгі мезгілде орын алуы әбден мүмкін екенін ескертеді. Жастардың тәртібі мен қауіпсіздігіне алаңдаған тәртіп сақшылары алдағы уақытта да профилактикалық тексеру жұмыстарын жалғастыра бермек.