Атырау облысының аумағында 10 қыркүйек пен 31 қазан аралығында балық ресурстарын қорғауға және заңсыз балық аулау фактілерінің алдын алуға бағытталған «Бекіре-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Шараның негізгі мақсаты – балық пен балық өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау, алдын алу және жолын кесу. Сонымен қатар су биоресурстарын сақтау, браконьерлік әрекеттерге тосқауыл қою және балық аулау саласындағы заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету көзделген.
Іс-шара барысында облыс аумағындағы негізгі көлік бағыттарына ерекше назар аударылады. Республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында, сондай-ақ қала маңындағы далалық жолдарда мобильдік бекеттер жұмыс істейді.
Мобильдік бекеттерде көлік құралдары тексеріліп, тасымалданып жатқан балық өнімдерінің заңдылығы қаралады. Мамандар балықтың қайдан алынғанын, оны тасымалдауға қажетті құжаттардың болуын және қолданыстағы талаптардың сақталуын тексереді.
Бұдан бөлек, облыс аумағында бірнеше мобильдік топ құрылып, рейдтік жұмыстар жүргізуде. Олар су айдындарына жақын аумақтарды, балық аулау орындарын және балық өнімдерін тасымалдау бағыттарын бақылауға алады. Рейд барысында заңсыз балық аулау құралдарын пайдалану, рұқсатсыз балық аулау, ауланған балықты заңсыз тасымалдау және өткізу секілді құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық беріледі.
Айта кетейік, заңсыз балық аулаудың жолын кесу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Жайық өзені жағалауларындағы бақылау да күшейтіледі.
Бұл бағытта Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы өзен жағалауы мен оған іргелес аумақтарға мониторинг жүргізіледі. Камералар арқылы анықталған күдік тудыратын жағдайлар тиісті қызметтердің назарына жеткізіліп, қажет болған жағдайда мобильдік топтар оқиға орнына жіберіледі.
Бейнебақылау жүйесін пайдалану құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Әсіресе адам аз жүретін жағалау аумақтары мен заңсыз балық аулау қаупі жоғары учаскелерге бақылау жүргізуге басымдық берілмек.
Мамандардың айтуынша, балық ресурстарын сақтау үшін тек рейдтік жұмыстардың өзі жеткіліксіз. Бұл бағытта тұрғындардың да жауапкершілігі маңызды. Сондықтан азаматтарға балық аулау кезінде белгіленген талаптарды қатаң сақтап, заңсыз аулау, тасымалдау немесе сату фактілеріне куә болған жағдайда тиісті органдарға хабарлау ұсынылады.
«Бекіре-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясындағы мобильдік бекеттер мен мобильдік топтардың жұмысы 31 қазанға дейін жалғасады. Осы кезеңде облыс аумағында балық ресурстарын заңсыз пайдалануға қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша бақылау шаралары жүргізіледі
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ