1 маусым мен 31 тамыз аралығында жүк тасымалдаушы көліктерге маусымдық шектеу енгізіледі, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
ҚР Көлік министрлігінің бұйрығана сәйкес, Атырау облысы бойынша Көлік бақылау инспекциясы ұйымдастырған «Жолда қабылдау» акциясы кезінде айтылды.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК АОФ, «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ АОФ, «КажСервис» ЖШС АОФ және көлік прокуратурасынан өкілдер қатысқан акция мақсаты -саладағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жүргізушілер арасында заң талаптарын түсіндіру.
«Қарабатан» елді мекені маңындағы демалыс алаңында ұйымдастырылған акция кезінде көлік жүргізушілерге маусымдық шектеу талаптары түсіндіріліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша кеңестер берілді.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК АОФ, жетекші сарапшысы Айдос Батановтың айтуынша, жолдардың тез тозуына шамадан тыс жүк тиеген көліктер де әсер етеді. Сондықтан, заңнамада көрсетілген салмақтан артық жүк тасымалдау туралы түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу маңызды.
Маусымдық шектеуге байланысты ауыр жүк көліктері тасымалданатын жүк көлемін 1 оське 9 тоннадан асырмау керек, дейді көлік бақылау инспекторлары.
Атырау облысы бойынша Көлік бақылау инспекциясы мәліметінше, ауыр жүк көліктеріне қатысты өткен жылы 2621, биыл жыл басынан бері 631 заң бұзушылық тіркеліп, жалпы соммасы 450 млн. теңгеге жуық айыппұл салынған.