Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда ауыл кәсіпкерлері «Ауыл аманаты» бағдарламасына өзгерістер енгізуді сұрады

Махамбет ауданында Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің көшпелі отырысы өтіп, оған аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев, аудандық кеңес мүшелері және жергілікті бизнес өкілдері қатысты, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Жұмыс сапары барысында Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен және кәсіпкерлік саласындағы қазіргі жағдаймен танысты. Тіркелген бизнес субъектілерінің 94%-ы белсенді жұмыс істейтіні атап өтілді.

Кездесуде негізгі мәселелердің бірі «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру болды. Кәсіпкерлер мен аудандық кеңес өкілдері бағдарлама аясында несие берілетін бағыттар тізбесін кеңейтіп, ауыл бизнесінің қажеттіліктерін ескере отырып, тиісті өзгерістер енгізу қажеттігін айтты.

Сонымен қатар кепілдік қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Ауыл кәсіпкерлері үшін кепілге қойылатын мүліктің өтімділігінің төмендігі өзекті мәселе болып отыр. Бұл көбіне қаржыландыру алуға және жаңа жобаларды іске қосуға мүмкіндік бермейді.

Отырыста ауданда мал сою пункті мен көкөніс қоймасының жоқтығы да айтылды. Бұл жергілікті өндірушілерге қосымша қиындықтар туғызып, аталған бизнес бағыттарының дамуын тежеп отыр.

Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев жергілікті атқарушы органдардың инвестиция тартуға мүдделі екенін және жаңа кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдай жасауға дайын екенін айтты.

«Біз бизнес үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайынбыз. Егер кәсіпкерлер мал сою пунктін, көкөніс қоймасын және басқа да сұранысқа ие нысандарды құру жобаларын іске асыруға дайын болса, өз тарапымыздан қолдау көрсетуге әзірміз», – деді Қайрат Нұрлыбаев.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов жергілікті атқарушы органдармен және кәсіпкерлермен бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

«Көтерілген мәселелердің барлығы жүйелі шешімді талап етеді. Палата аудан әкімдігімен және кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс істеп, нақты ұсыныстар әзірлеуге және оларды іске асыруға ықпал ететін болады», – деді Нұржан Ермұханов.

Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар бизнес мәселелері бойынша жұмысты жалғастыруға, оның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге, сондай-ақ Махамбет ауданында кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін пысықтауға келісті.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ