Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда ата-аналар сарбаздардың әскери өмірімен танысты (+ФОТО)

Атырау қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5546 әскери бөлімінде «Әскер аналар көзімен» атты ашық есік күні өтті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Іс-шараға 200-ге жуық сарбаздың ата-анасы қатысып, ұлдарының әскери қызмет атқарып жатқан ортасын өз көздерімен көрді. Акцияның басты мақсаты – әскери бөлім қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, ата-аналардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беру және сарбаздардың қызмет етуіне жасалған жағдайларды көрсету. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлім етті. Қонақтар әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысып, сарбаздардың күнделікті өмірін жақыннан бақылады.

Экскурсия барысында ата-аналар казармаларды, жауынгерлік даярлық сыныптарын, психологиялық және ақпараттық-тәрбие жұмыстары жүргізілетін кабинеттерді аралап көрді. Сонымен қатар сарбаздардың әскери киім-кешегімен, тұрмыстық жағдайымен, күн тәртібімен танысты. Әскери бөлім басшылығы ата-аналардың барлық сауалдарына жауап беріп, әскери қызметтің ерекшеліктері туралы толыққанды мәлімет ұсынды. 

– Осындай ашық іс-шара ұйымдастырып, бәрін өз көзімізбен көруге мүмкіндік берген әскери бөлім басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Ұлымыздың қалай қызмет етіп жүргенін көріп, көңіліміз орнықты. Барлық сұрақтарымызға нақты жауап алдық. Барлық сарбаздарға абыройлы қызмет, ал аналарға сабыр мен амандық тілеймін, – деді сарбаздың анасы Гүлжанат Нұғманова.

Мұндай кездесулер әскери бөлім мен ата-аналар арасындағы өзара сенімді нығайтып, қоғамның әскерге деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жас сарбаздардың әскери ортаға бейімделуіне, олардың моральдық-психологиялық ахуалын нығайтуға және әскери қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып саналады.  

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ