Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда 59 ауыл кәсіпкері мемлекеттік қолдауға ие болды

«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының аудандардағы іске асырылу барысы Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасында өткен отырыста қаралды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Кездесу барысында Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарының басшылары атқарылып жатқан жұмыстар, мақұлданған жобалар саны және қаралу үстіндегі өтінімдер туралы есеп берді. Ауыл тұрғындарын ақпараттандыру және бағдарламаның әлеуетті қатысушыларына сүйемелдеу көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Палатаның аудандық филиалдары құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтарға бағдарламаның талаптары бойынша кеңес береді және қажетті құжаттарды дайындауға жәрдем көрсетеді.

Тұрғындар тарапынан бағдарламаға қызығушылық жоғары болғанымен, әлеуетті қатысушылардың барлығы бірдей белгіленген кредит беру талаптарына сәйкес келе бермейді.

Бүгінде облыс аудандарында жалпы сомасы 600 млн теңгеге жуық 59 жоба мақұлданды.

Атап айтқанда, Индер ауданында жалпы сомасы 106 млн теңгеден асатын 9 жоба мақұлданды. Тағы 2 өтініш берушінің құжаттары қаралуда, 5 әлеуетті қатысушы қажетті құжаттарын жинақтап жатыр.

Құрманғазы ауданында 93 млн теңгеден астам сомаға 6 жоба мақұлданған, тағы 3 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мақат ауданында жалпы сомасы 56,6 млн теңге болатын 6 жоба мақұлданып, тағы 6 өтінім қаралуда.

Жылыой ауданында 176 млн теңге сомасына 18 жоба қолдау тапты, тағы 4 жоба қаралу үстінде.

Қызылқоға ауданында 70 млн теңгеден астам сомаға 9 жоба мақұлданды.

Махамбет ауданында 57 млн теңгеге 6 жоба мақұлданып, тағы 2 жоба қаралуда.

Исатай ауданында 42 млн теңге сомасына 5 жоба мақұлданған, тағы 2 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту және ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуын арттырудағы маңыздылығын атап өтті.

«Аталған бағдарлама ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастауға және дамытуға нақты мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – халықты бағдарлама мүмкіндіктері туралы барынша кеңінен ақпараттандыру, әлеуетті қатысушыларға талаптарды түсінуге көмектесу және барлық кезеңде сүйемелдеу көрсету. Белгіленген талаптарға сәйкес келетін әрбір ниетті ауыл кәсіпкері мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін пайдалана алуы маңызды», – деп атап өтті Нұржан Ермұханов.

Отырыс қорытындысы бойынша Нұржан Ермұханов Палатаның аудандық филиалдарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, бағдарламаның әлеуетті қатысушыларына жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Жобаларды консультация беруден және құжаттарды дайындаудан бастап, өтінімді қарау кезеңіне дейін барлық кезеңде сүйемелдеуге ерекше назар аударылатын болады.

 Амандық АБДОЛ