Атырау облысында психоактивті заттарды тұтынатын шамамен 2 500 тұрғын мамандардың бақылауында. Оның ішінде 1 953 адам алкогольге тәуелді болса, 533 адам есірткіге тәуелділік бойынша есепте тұр, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Бұл туралы облыстық Психикалық денсаулық орталығының басшысы Елдос Қыдырсихов мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы бес айында психоактивті заттарды қолдану салдарынан денсаулығында мәселелер туындаған 138 адам есепке алынған. Олардың ішінде 31 адамға есірткіге тәуелділік диагнозы қойылған. Алдын алу және емдеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Өңірде 7 ауданда және қаладағы 6 емхананың жанында психикалық денсаулық кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыстық орталықта тәуелділігі бар науқастарды емдеуге арналған 56 төсек-орын қарастырылған.
Бұдан бөлек, инъекциялық есірткі тұтынушыларға арналған қолдаушы терапия бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда оған 8 адам қатысуда. Жыл басынан бері 2 науқастың құжаттарын қалпына келтіруге көмек көрсетілсе, тағы 2 адам қайта әлеуметтендіру орталығына жолданған.
Фото: ru.freepik.com
