Мемлекет басшысы бөлінетін қаражаттың қоғамға пайда әкеліп, экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуға тиіс екенін атап өтті. Осы міндет аясында өңірлерде халыққа қажетті әлеуметтік нысандардың құрылысын жедел бастап, сапалы іске қосу көзделген, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысында мектептер мен қосымша оқу орындарын салу жұмыстары жүргізілуде. Қазір 11 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 5-еуі — жалпы 1 900 орынға арналған мектеп — аяқталды. Қалған 6 мектептің жалпы сыйымдылығы 2 250 орын. Олардың құрылысын биыл аяқтау жоспарланған.
Бұған қоса, 1 300 орынға арналған 6 мектеп жапсаржайының құрылысы биыл аяқталады. Жаңа оқу орындары мен қосымша ғимараттар оқушы орындарын көбейтіп, балаларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Атырау қаласында Тілендиев көшесіндегі №30 мектеп-гимназиясының орнына 1 500 орындық жаңа мектеп және Қазырет Мырзағали көшесінде №11 Ы.Алтынсарин атындағы 1 500 орындық мектеп салу жұмыстары басталды. Екі жоба да нысандарды толық аяқтап тапсыру шартымен (ЕРС) жүзеге асырылады.
Құрылыс жобаларын іске асыруда сапа, қауіпсіздік, мерзім және бюджет қаражатын тиімді пайдалану талаптары қатаң бақылауда болады.
Сапалы мектеп құрылысы — балалардың білім алуына жасалған жағдай және өңірдің болашағына салынған инвестиция.
Аман ШАМАР

