Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырау облысындағы ауыл елге үлгі болды

Атырау облысының Құрманғазы ауданы аумағында стереотиптерді бұзған ауыл бар. Амангелді — 90 үйде 480 адам тұратын шағын елді мекен. Мұнда 15 жылдан бері алкоголь өнімдері сатылмайды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Бұл шешімді кезінде ауыл ақсақалдары мен белсенді тұрғындар қабылдаған. Бүгінде бұл жай ғана тыйым емес, тыныштықты, отбасылық берекені және балалардың жарқын болашағын таңдаған саналы ұстанымға айналды.

Нәтижесі де көңіл қуантады: соңғы төрт жылда ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Тұрғындардың айтуынша, мұның сыры – өзара құрмет, жауапкершілік және дауларды бейбіт жолмен шеше білу.

Тәртіпті сақтауда учаскелік инспектор Серік Ғабдуловтің еңбегі зор. Ол халықпен үнемі байланыста болып, профилактикалық жұмыстар жүргізеді және әр отбасының жағдайын жақсы біледі.

Ауыл тұрғындары бос уақыттарын еңбекке, спортқа және салт-дәстүрді сақтауға арнайды. Жастар үлкендерге қарап бой түзейді, мұнда үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық – жай сөз емес, өмір салтына айналған.

Бүгінде Атырау облысында алкоголь сатудан бас тартқан 56 елді мекен бар. Амангелді – саналы таңдау тұтас бір қауымдастықтың өмірін қалай өзгерте алатынын дәлелдейтін ең жарқын мысалдардың бірі.