Бүгін Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың сайлау учаскелеріне жетуіне 145 «Инватакси» көлігі көмектесіп жатыр. Өңірде барлығы 3244 мүмкіндігі шектеулі сайлаушы тіркелген.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, сайлау қарсаңында мамандар сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қайта тексерген. Атап айтқанда, пандустардың, кіреберістердің және арнайы дауыс беру кабиналарының жағдайы бақылаудан өткізілді.
3244 мүмкіндігі шектеулі сайлаушының 664-і кресло-арбаны пайдаланады. Қозғалысы шектеулі азаматтар үшін «Инватакси» көліктерінің жұмыс кестесі мен тасымалдауға дайындығы алдын ала нақтыланды.
Сонымен қатар, Атырау қаласы мен аудандардағы сайлау учаскелері ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан. Олар пандустармен, тактильді жолақтармен және ақпараттық көрсеткіштермен жабдықталған.
Жалпы, Атырау облысында барлық сайлаушылардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да дауыс беруге кедергісіз қатысуы үшін қажетті жағдайлар жасалды.
Облыс бойынша сайлаушылар тізіміне 428 127 азамат енгізілген. Оның ішінде 3244-і – мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар. Олардың: 664-і кресло-арбаны пайдаланады; 848 адамның есту қабілеті бұзылған; 1732 адамның көру қабілеті бұзылған; олардың ішінде 111 сайлаушы Брайль қарпін қолдану дағдыларын меңгерген.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау учаскелеріне кедергісіз жетуін қамтамасыз ету мақсатында бүгін облыс бойынша 145 «Инватакси» көлігі жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар, 239 азаматқа уақытша болатын жері бойынша дауыс беру құқығын беретін куәлік (открепительное удостоверение) берілді.
Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау және тізімдердегі мәліметтерді нақтылау үшін «Электрондық үкімет» порталында тіркеу деректерін тексеруге мүмкіндік беретін 211 онлайн-сервис қолжетімді.
Сондай-ақ тіркеуі жоқ азаматтарды тіркеуге арналған 6 онлайн-сервис жұмыс істейді.
Фото: ru.freepik.com