Атырауда АМӨЗ-дің санитарлық-қорғау аймағындағы сексеннен астам үй көшіріледі, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырауда Атырау мұнай өңдеу зауыты санитарлық-қорғау аймағында орналасқан 80-нен астам тұрғын үйді көшіру жоспарланып отыр. Бұл шешім мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының тексеруінен кейін қабылданды.
Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Мерас Жалмурзиннің айтуынша, тексеру барысында санитарлық-қорғау аймағының шекарасы бұрын заң талаптарын бұза отырып бекітілгені және кейбір тұрғын үйлердің бұл аймаққа енгізілмегені анықталған.
«Тұрғындардың өтініштерін қарау барысында заң бұзушылықтар анықталып, прокурорлық қадағалау актісі енгізілді және жаңа жоба әзірленді», – деді прокурор.
Қазіргі уақытта Атырау қаласының әкімдігі мен АМӨЗ бірлесіп тиісті іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруда. Көшірілетін үйлердің нақты мекенжайлары әзірге анықталған жоқ. Олар барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін бекітіледі.
Аталған мәселе Атырау облысы прокурорының жеке бақылауында.
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
