43 жыл құжатсыз жүрген атыраулық сотталушы алғаш рет жеке куәлік алды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысында сирек кездесетін жағдай тіркелді: №79 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 43 жастағы Наталья Федосеева өмірінде алғаш рет Қазақстан азаматының жеке куәлігін алды.
Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген әйел ұзақ жылдар бойы ешқандай құжатсыз өмір сүріп, іс жүзінде мемлекеттік жүйеде тіркелмеген.
Ол 2021 жылдан бері жазасын өтеп келеді. Тек ұзаққа созылған заңдық рәсімдер нәтижесінде сот арқылы оның жеке басы анықталған.
Осыдан кейін оған туу туралы куәлік, ЖСН және жеке куәлік рәсімделді.
Мекеме мәліметінше, құжаттарының болмауы оған мемлекеттік қызметтерді пайдалануға, әлеуметтік көмек алуға және ресми түрде жұмысқа орналасуға мүмкіндік бермеген.
Сотталушының құқықтық мәртебесін қалпына келтіру №79 мекемесінің заңгері Гүлзада Қуанышқалиқызы мен арнайы есеп бөлімінің бастығы Айдана Садуованың жұмысының арқасында мүмкін болды. Олар қажетті құжаттарды жинақтап, мемлекеттік органдармен өзара байланыс жұмыстарын ұйымдастырған.