Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атыраулық кәсіпкерлерді не мазалайды?

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов кәсіпкерлерді жеке қабылдады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Кездесу барысында жұмыс істеп тұрған бизнесті дамытуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға қатысты нақты мәселелер талқыланды.

Қабылдауға 12 кәсіпкер қатысты. Өтініштердің басым бөлігі мемлекеттік қолдау шараларына, жер учаскелерін алуға, өнімді өткізуге, сондай-ақ инвестициялық және әлеуметтік жобаларды сүйемелдеуге қатысты болды.

Кездесуге қатысушылардың бірі — «Аргымак Атырау» ат спорты клубының өкілі Есенжан Қыдырғали. Оның айтуынша, клуб төрт жылдан бері балаларды атқа мінуге үйретіп, оларды ұлттық ат спорты түрлеріне, атап айтқанда, бәйге мен көкпарға баулып келеді.

«Туризм саласында дамып, ауқымымызды кеңейткіміз келеді. Өз жоспарларымыз бар, инвестиция тартуға да мүмкіндігіміз жетеді. Қазіргі таңда негізгі мәселе — жер учаскесінің болуы», — деді кәсіпкер.

Қабылдау барысында клуб өкілдеріне қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары, жер учаскесін алудың тәртібі мен заңды жолдары, сондай-ақ инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру шарттары түсіндірілді.

«Жоба қызықты әрі одан әрі дамытуға, оның ішінде туризм саласында үлкен әлеуетке ие. Жобаны жүзеге асырудың қандай мүмкіндіктері бар екенін және Кәсіпкерлер палатасының қандай көмек көрсете алатынын жан-жақты қарастырайық. Жер учаскесіне қатысты мәселені зерттеп, қолдаудың тиімді тетіктерін анықтау маңызды», — деді Нұржан Ермұханов.

Кездесуге қатысқан тағы бір кәсіпкер — «Стекло Люкс» ЖШС өкілі Арман Чунгулов. Компания 2018 жылдан бері нысандарды әйнектеу саласында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта кәсіпорын өндіріс көлемін кеңейтуді жоспарлап отыр. Кәсіпкер шетелдік инвестиция тарту және әйнекті терең өңдеу өндірісін іске қосу жоспарлары бар екенін жеткізді.

Қазіргі таңда кәсіпорын негізгі шикізатты сырттан импорттайды. Болашақта компания Атырау қаласында өз өндірісін ұйымдастырып, өндірістік процестің бір бөлігін жергілікті жерде жолға қою мүмкіндігін қарастырып отыр.

Жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкерге дайын инфрақұрылымы бар өндірістік алаң, атап айтқанда, экономикалық аймақ аумағынан жер, сондай-ақ жобаны сүйемелдеу және мемлекеттік қолдаудың қолжетімді шаралары туралы ақпарат қажет.

«Бұл ауқымды жоба, әсіресе шетелдік инвестиция тарту және әйнекті терең өңдеуді дамыту жоспарларын ескерсек. Өндіріс орындарыңызбен танысып, инвестициялық жобаларға қойылатын талаптарға сәйкестігін қарастырайық. Қажетті материалдарды ұсынсаңыздар, кейін қолдаудың мүмкін тетіктерін зерделеп, тиісті мәселелер бойынша әкімдікке жүгінеміз», — деді Нұржан Ермұханов.

Қабылдау қорытындысы бойынша барлық кәсіпкерге сол жерде қажетті консультациялар берілді. Кәсіпкерлер палатасы өз құзыреті шегінде қолдау көрсетуге және кәсіпкерлердің өтініштерін мүмкіндігінше сүйемелдеуге дайын екенін атап өтті.

 Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ