Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атыраудағы жекеменшік балабақшаларды қаржыландыру қалай шешілмек?

Атыраудағы жекеменшік балабақшалар қаржыландыруды қайта есептеу мен лицензиялау бойынша түсіндіру жұмыстарын күтуде, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

 Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаржыландыру, лицензиялау және жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) нысандарында орналасқан жекеменшік балабақшалардың алдағы қызметіне қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшкеннен кейінгі жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру болды. Балабақша өкілдерінің айтуынша, өңірде қаржыландырудың жеткіліксіздігі мен төлемдердің кешігуі әлі де сақталып отыр.

Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының (ҚҮБҚ) мүшесі Гүлхан Өтегенова көптеген балабақшалардың бүгінгі күнге дейін ай сайынғы қаржыландыруды толық көлемде алмағанын айтты.

«2026 жылдан бастап барлық балабақша ваучерлік жүйеге көшті. Бұрын қаржы жергілікті білім бөлімдері арқылы бөлінсе, қазір Қаржы орталығы арқылы жүзеге асырылады. Алайда төлемдердің не себепті кешіктіріліп жатқаны туралы нақты жауап жоқ. Кейбір балабақшалар сәуір айынан бері ай сайынғы төлемдерін алмады, сондай-ақ қаңтар–ақпан айларына қатысты айырма да әлі төленген жоқ. Бізге қаражат бөлінгенше күту керектігі айтылды», – деді ол.

Сонымен қатар Гүлхан Өтегенова жекеменшік балабақша өкілдерінің 2026 жылдың екінші жартыжылдығына арналған мемлекеттік субсидиялау бойынша қосымша келісімдердің жасалуына қатысты нақты ақпараттың жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл жағдай қаржылық жоспарлауға және еңбек ұжымдарын сақтауға кері әсерін тигізуде.

Атырау облысы Білім басқармасының басшысы Марат Әбуов ваучерлік жүйеге көшкеннен кейін қаржыландыру Қаржы орталығы арқылы жүргізілетінін түсіндірді.

«Ваучерлік жүйенің алгоритміне сәйкес барлық қаржыландыру Қаржы орталығы арқылы жүзеге асады. Қаладағы білім бөлімі мен Қаржы орталығы арасында келісімшарт жасалған. Олар мемлекеттік тапсырысты орналастырып, қызмет көрсетушілерді анықтайды. Кейін орындалған жұмыстардың актілері Қаржы орталығына жолданып, содан кейін ғана қаржы аударылады. Біз Қаржы орталығына қажетті қаражаттың толық көлемін жолдап отырмыз», – деді Марат Әбуов.

Оның айтуынша, бұған дейін осындай жағдай жекеменшік мектептерде де орын алған.

«Қаржы орталығы республика бойынша төлем жүргізеді. Кей кездері қаражат алдымен басқа өңірлерге бағытталған жағдайлар болды. Жыл басында облыс әкімінің қаулысы шықты, қаңтар–ақпан айларындағы айырма міндетті түрде төленеді. Қазіргі таңда бюджет қаражаты мәслихат сессиясында бекітіліп жатыр. Біз қажетті соманың барлығын қарастырдық. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ, сессия өткеннен кейін төлемдер толық жүзеге асырылады», – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар Кеңес мүшелері Қаржы орталығының делдалдық функциясын сақтаудың қажеттілігіне күмән келтіріп, тікелей қаржыландыру бюрократиялық рәсімдерді азайтып, төлемдердің кешігуін болдырмауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Отырыста көтерілген тағы бір маңызды мәселе – мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау болды.

Гүлхан Өтегенованың айтуынша, пилоттық жоба аясында жеке тұрғын үй құрылысы нысандарында орналасқан балабақшаларды коммерциялық мақсаттағы нысан ретінде қайта рәсімдеу талабы қарастырылған.

«2027 жылдан бастап балабақшалар лицензиялау жүйесіне көшеді деп күтілуде. Қойылатын талаптардың бірі – ЖТҚ нысандарының мақсатты пайдалану түрін коммерциялық мақсатқа өзгерту. Біз облыс басшылығы бұл туралы хабардар ма, өңірде осы өзгерістерге дайындық неге әлі басталмағанын білгіміз келеді», – деді ол.

Атырау облысы Білім басқармасының басшысы Марат Әбуовтың айтуынша, бұл жұмыстың нақты тетігі әзірге толық айқындалмаған.

«Лицензиялау жұмыстары енді ғана басталып жатыр. Қазіргі таңда нақты алгоритм жоқ, біздің қолымызда әзірге ешқандай ресми құжат жоқ», – деді ол.

Кәсіпкерлердің айтуынша, бас жоспар талаптарына байланысты балабақшалардың шамамен 30 пайызы жер учаскесінің мақсатты пайдалану түрін өзгерте алмайды. Олардың пікірінше, бұл бірқатар мектепке дейінгі ұйымдардың жабылуына және балаларға арналған орындардың қысқаруына алып келуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілінің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі Сәрсенбай Жолдыбаев көтерілген мәселелерді кешенді түрде шешудің маңыздылығына тоқталды.

«Аталған мәселелер ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуіне, жұмыс орындарының сақталуына, білім беру саласына инвестиция тартуға және халықтың мектепке дейінгі білімге қолжетімділігін қамтамасыз етуге қауіп төндіреді», – деді ол.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес жауапты мемлекеттік органдарға қаңтар–ақпан айларындағы қаржыландыруды бекітілген нормативке сәйкес қайта есептеуді, сондай-ақ екінші жартыжылдыққа арналған қаржыландыру келісімдерін уақытылы жасауды ұсынды.

Сонымен қатар қолданыстағы балабақшаларды лицензиялау кезінде өтпелі кезеңді қарастыру, ЖТҚ нысандарында орналасқан ұйымдардың қызметіне қатысты мәселелерді реттеу қажеттігі атап өтілді.

Жүйелі шешімдер әзірлеу мақсатында Кеңес төрағасы Әлібек Семғалиев мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, салалық қауымдастықтардың және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобын құру қажеттігін атап өтті.

 Амандық АБДОЛ

Фото: ru.freepik.com