Атырау облысында құны 400 миллион АҚШ долларын құрайтын натрий-ионды аккумуляторлар шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысы әкімінің Қытайға жасаған сапары аясында натрий-ионды аккумуляторлар өндіретін зауытты жергіліктендіру мәселесі бойынша Shandong 014 Advanced Materials Co., Ltd. компаниясымен келіссөздер өтті.
Алдын ала инвестиция көлемі шамамен 400 миллион АҚШ долларына бағалануда. Жоба аясында мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сондай-ақ делегация мұнай-газ саласына арналған жоғары технологиялық жабдықтарды әзірлеу және өндіруге маманданған Kerui Petroleum & Gas халықаралық өнеркәсіптік тобымен келіссөздер жүргізді.
Тараптар Атырау облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады. Оның ішінде мұнай-газ жабдықтарына қызмет көрсететін өндірістік орталық құру, заманауи технологияларды енгізу және жергілікті мамандарды даярлау мәселелері қарастырылды.
Бұл жоба бойынша алдын ала инвестиция көлемі шамамен 50 миллион АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар 200-ге жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда.