Өңірде жалпы құны 4 трлн теңгеден асатын және 3,5 мың жұмыс орнын құруды көздейтін жобаларды іске асырып жатқан 49 инвестордың құқықтары қорғалды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Прокурорлық сүзгі аясында инвесторларға қатысты салынған 2 заңсыз айыппұлдың күші жойылды.
Прокуратураның бастамасымен мұнай секторынан басқа барлық өндіріс түрлеріне бағытталған екінші арнайы экономикалық аймақ құрылды.
Бұдан басқа, прокуратура табиғи монополия субъектілерінің бизнеске қысым көрсету схемасын анықтады.
Атап айтқанда, бір жағдайда монополисттер сумен жабдықтау шартынан су есептеу құралын пломбалау жөніндегі өз міндеттерін алып тастап, кейін кәсіпкерлерді суды есепке алмай пайдаланғаны үшін айыппұлға тартқан.
Аталған заңсыз тәжірибе тоқтатылып, 38 инвестор мен 7 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды.
Сол сияқты өзге монополисттер техникалық шарттардың қолданылу мерзімін негізсіз үш жылдан бір жылға дейін қысқартқан.
Осының салдарынан 7 мыңнан астам кәсіпкер жыл сайын техникалық шарттарды қайта алуға мәжбүр болған.
Бұл заңсыз әкімшілік кедергі де жойылды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ