Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы мен қытайлық FOTIMA GROUP компаниясы Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге бағытталған стратегиялық әріптестікті дамыту жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов пен FOTIMA GROUP компаниясының бас директоры Лу Ичжэнь қол қойды.
Келісім аясында тараптар халықаралық стратегиялық әріптестікті, оның ішінде Қытаймен ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара іс-қимылды дамытуды көздейді. Негізгі бағыттар ретінде білім беру саласындағы алмасулар, ғылыми-техникалық әзірлемелерді коммерцияландыру, іскерлік байланыстарды дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру айқындалды.
Кәсіпкерлерді қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, тараптар Атырау облысының бизнес өкілдері үшін Қытайға таныстыру сапарларын ұйымдастыруды, сондай-ақ халықаралық нарықтарда жұмыс істеуге бағытталған басшыларды даярлаудың бірлескен бағдарламаларын іске асыруды жоспарлап отыр.
Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы өз кезегінде FOTIMA GROUP компаниясына мемлекеттік органдармен, салалық өкілдермен және өңірдің іскерлік қауымдастығымен байланыс орнатуға, сондай-ақ инвестициялық және өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға арналған мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері мен басқа да құралдар туралы ақпарат беруге жәрдемдеседі.
«Атырау облысы үшін халықаралық іскерлік ынтымақтастықты дамыту – кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды бағыттарының бірі. Қытай – Қазақстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі. Сондықтан отандық компаниялардың Қытай нарығына шығуына жаңа мүмкіндіктер жасауға, сондай-ақ өңірімізге қытайлық инвестициялар мен технологияларды тартуға мүдделіміз. Қол қойылған меморандум тікелей іскерлік байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуды кеңейтуге және өнеркәсіп, мұнай-газ саласы, білім беру және басқа да бағыттарда бірлескен жобаларды іске асыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов.
Өз кезегінде FOTIMA GROUP Орталық Азиядағы жұмыс тәжірибесі мен дамыған жеткізу тізбегіне сүйене отырып, қазақстандық кәсіпорындардың Қытай нарығына шығуына және екі ел арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесуді көздейді.
«Атырау – Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің негізгі орталығы, сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Орталық Азия нарықтарына шығу үшін маңызды алаң. Алдағы уақытта мұнай-газ жабдықтары мен өнеркәсіптік сенсорлық құрылғылар экспортын кеңейтумен қатар, өңірлік Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп білім беру, ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік салалардағы ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отырмыз. Бұл университетаралық байланыстарды нығайтуға, озық технологияларды енгізуге жәрдемдесуге және екіжақты бизнестің дамуына кешенді қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Біз сапалы қытайлық білім беру ресурстарының, озық технологиялар мен жоғары технологиялық өнеркәсіптік жабдықтардың Орталық Азия нарықтарына шығуына белсенді түрде ықпал ететін боламыз», – деді FOTIMA GROUP компаниясының бас директоры Лу Ичжэнь.
Тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және Атырау облысы мен Қытай серіктестері арасындағы іскерлік және экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендерін білдірді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ