Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда алты кәсіпорын – Президент сыйлығына үміткер

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасында ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткерлер мен «Қазақстанның үздік тауары – 2026» республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңіне қатысушылар бойынша сараптамалық қорытындыларды қарауға арналған Сарапшылық топтың жұмыс органының отырысы өтті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Отырыс барысында жұмыс органы мүшелері сараптамалық қорытындыларды қарап, жүргізілген бағалау нәтижелерін талқылап, тиісті құжаттарды бекітті.

Айта кету керек, биыл ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына қатысу үшін өңір кәсіпорындарынан 10 өтінім келіп түсті.

Сараптамалық бағалау қорытындысы бойынша алты компания белгіленген талаптарға сәйкес деп танылды. Ал төрт өтінім байқау талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты келесі кезеңге ұсынылған жоқ.

2026 жылғы 10 маусымда «Қазақстанның үздік тауары – 2026» республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтті. Оның қорытындысы бойынша сарапшылық топ республикалық кезеңде Атырау облысының намысын қорғайтын тоғыз жеңімпаз кәсіпорынды анықтады.

«Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқаулары – отандық тауар өндірушілерді қолдаудың маңызды тетіктері. Олар кәсіпорындарды өнім сапасын арттыруға, заманауи менеджмент жүйелерін енгізуге және нарықтағы өз позицияларын нығайтуға ынталандырады. Бүгінгі міндетіміз – ұсынылған материалдарды жан-жақты әрі әділ бағалап, сараптамалық қорытындыларды бекіту. Бұл Атырау облысының үздік кәсіпорындарының республикалық деңгейде өңірдің абыройын лайықты қорғауына мүмкіндік береді», – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов.

Бұған дейін сарапшылық топ «Қазақстанның үздік тауары – 2026» байқауының өңірлік кезеңіне қатысушылардың материалдарына алдын ала бағалау жүргізген болатын. Комиссиялық қарау қорытындысы бойынша республикалық кезеңге қатысуға ұсынылған тоғыз жеңімпаз анықталды.

Сонымен қатар, сарапшылық топ ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткерлердің материалдарын қарап, ұсынылған есептік құжаттар бойынша сараптамалық қорытындылар әзірледі.

Отырыс қорытындысы бойынша сарапшылық топтың жұмыс органы мүшелері сараптамалық қорытындыларды бекітіп, қол қойды. Жақын күндері байқауды өткізу қағидаларына сәйкес барлық материалдар ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Орталық аппаратына жолданады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ