Тоғыз жасар Ануар атасымен бірге қазақтың бірегей тазы тұқымын сақтап келеді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Ұлттық мұра, адалдық және ғасырлық тарих: Атырау облысында Дюсалиевтер әулеті 100 жылдан бері қазақтың аты аңызға айналған жүйрік иті — тазыны сақтап, баптаумен айналысып келеді. Бұл игі іске 1970 жылдан бері жарты ғасырдан астам уақытын арнаған әулеттің басты мұрагері — Ануар Камалұлы Дюсалиев. Бүгінде ғасырлар бойы қалыптасқан шеберлікті отбасының кейінгі буыны — оның ұлы Камбар мен 9 жасар немересі, толық аты-жөні өзімен бірдей Ануар жалғастырып келеді.
Бұл тұқымға деген сүйіспеншілік пен аңшылық өнері отбасында ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Ануар ақсақал аңшылық кәсіпті өз әкесі мен атасынан үйренген. Ал бүгінде ол дәстүрлі кәсіпке әулеттің ең жас өкілі қызығушылық танытып, тазы баптауға белсенді араласып жүргеніне қуанады.
«Бұл — біздің ұлттық мұрамыз. Оған деген сүйіспеншілік ата-бабамыздан қанымызға сіңген. Біздің отбасымызда тазы өсірушілердің 100 жылдық тарихы бар. Қиын-қыстау кезеңдерде, жұт жылдарында бір жақсы тазы тұтас ауылды асырай алатын», — дейді Ануар Дюсалиев ақсақал.
Бүгінде отбасы питомнигінде 10 асыл тұқымды ит бар. Олардың арасында құлағында шашақ жүні бар классикалық шашаққұлақтармен қатар, сирек кездесетін қысқа жүнді жарғақтар да бар. Олардың қатарында 2018 жылы туған әйгілі Тұйғын атты төбет және таза тұқымды желіні сақтау мақсатында Қызылорда облысынан әкелінген Қаншайым атты қаншық бар.

Дюсалиевтер әулетінің тазы тұқымдары республикалық жарыстарға, көрмелерге және дәстүрлі аңшылық сайыстарына — салбурындарға тұрақты түрде қатысып, Ақтөбе мен Оралдан бастап Астана мен Түркістанға дейінгі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Питомникте жас тазы тобын тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл іске ақсақалдың 9 жасар немересі де белсенді атсалысады. Мектептен кейінгі бос уақытының көп бөлігін ол тазы иттермен бірге өткізеді: күтім жасайды, серуендетеді және жаттығуларға қатысады.
«Сабақтан кейін бірден біздің тазыларымызға барамын. Олармен бірге ойнаймыз, күтім жасауға көмектесемін. Менің ең жақсы көретін, жақын күшігім — Семсер. Ол жас тазылардың ішіндегі ең үлкені және жүгірісте үнемі жеңіп шығады. Болашақта атам мен әкемнің жолын жалғастырып, мен де тазы өсіргім келеді», — дейді 9 жасар Ануар.
Әулеттің аға өкілдерінің айтуынша, нағыз жүйрік тазыны тәрбиелеу үшін үлкен шыдамдылық, тәртіп және арнайы шеберлік қажет. Бұл — дұрыс вакцинациялау мен арнайы тамақтандырудан бастап, жүйелі түрде жылдамдық пен аңшылыққа деген құмарлығын шыңдайтын жаттығуларға («шырға») дейінгі күрделі процесс.
Бүгінде Дюсалиевтер әулетінің басты мақсаты — қазақ тазысын ресми түрде халықаралық деңгейде ұлттық тұқым ретінде мойындату және дала жүйріктерін әлемдік ареналарда таныту.
Ал дәстүр атадан немереге аманат болып жалғасып жатқанда, қазақтың бірегей ұлттық мұрасының болашағы да берік болмақ.