Индер ауданының кәсіпкерлері өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов Индер ауданына жұмыс сапарымен барып, аудандық кеңес мүшелерінің қатысуымен Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің көшпелі отырысына қатысты.
Отырыс барысында бизнес өкілдері аудан кәсіпкерлері тап болатын өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, автомобиль жолдарының сапасының төмендігіне ерекше назар аударылды. Бұл ауылдық жерлерде кәсіпкерлік қызметті жүргізуге және бизнесті дамытуға кедергі келтіруде.
Сонымен қатар кәсіпкерлер «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қаржыландыру көлемін ұлғайтуды ұсынды. Олардың айтуынша, қолданыстағы лимит кейбір жағдайларда перспективалы жобаларды іске асыруға және бизнесті кеңейтуге жеткіліксіз.
Қаржыландыру алу кезінде кепілдік қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Кәсіпкерлердің айтуынша, техникалық паспорттарда дәретхана, бастырма және басқа да нысандар сияқты капиталды емес құрылыстар туралы мәліметтердің болмауына байланысты нысандарды кепілге қабылдауда қиындықтар туындайды. Бұл несие рәсімдеуге және бизнес-жобаларды жүзеге асыруға қосымша кедергі келтіруде.
«Кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктерінің барынша қолжетімді болуы және аудандардағы бизнесті жүргізудің нақты жағдайларын ескеруі аса маңызды. Бүгін айтылған мәселелер жүйелі шешімді және мемлекеттік органдармен одан әрі өзара іс-қимылды талап етеді», – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов.
Жұмыс сапары аясында Нұржан Ермұханов пен Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Асқар Саппаев Индер ауданының әкімі Серік Нсанбаевпен кездесті. Кездесу барысында кәсіпкерлер көтерген проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.
Одан әрі Палата өкілдері кәсіпкер Ренат Калаугалиевтің салынып жатқан кафесіне барды. Жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 10 млн теңге көлемінде қаржыландыру алған. Қазіргі уақытта нысан құрылысы жүргізілуде. Жобаның іске қосылуы қызмет көрсету саласында жаңа кәсіпкерлік нысанды ашуға және қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапарының соңында Нұржан Ермұханов «Иси Гипс Индер» кәсіпорнының қызметімен танысты. Сапар барысында кәсіпорынның өндірістік қуаттары мен жұмыс процесі қаралды. Кәсіпорын құрылыс саласында сұранысқа ие гипс өнімдерін өндіру және өңдеумен айналысады.
Сапар қорытындысы бойынша Палата өкілдері Индер ауданындағы кәсіпкерлік бастамаларды одан әрі сүйемелдеудің және кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін жүйелі мәселелерді шешу үшін бизнестің жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ