Атырау +7 7719012424 Электрондық пошта мекенжайы спам-боттардан қорғалған. Мекенжайды көру үшін браузерде Javascript қосулы болуы тиіс.

Тілді таңдаңыз

Тілді таңдаңыз

Дамбы тұрғындарын не мазалайды?

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов Дамбы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту және абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ алдағы кезеңге жоспарланған жобалар мен тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Кездесу барысында округ аумағында жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Дамбы ауылындағы бұрынғы Ферма көшесі мен №25 полиция бекеті орналасқан аумақта жалпы ұзындығы 400 метр болатын жол салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, округте жалпы ұзындығы 1,6 шақырымды құрайтын 5 айналма жолдың құрылысы жүргізілуде. Аталған жұмыстарды биылғы жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Бұл жобалар ауыл ішіндегі көлік қозғалысын реттеп, тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Елді мекендегі инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарының тағы бір маңызды бағыты – көше жарығын жаңғырту. Осы мақсатта 2026–2027 жылдары округтегі 3 көшеге жарық шамдарын орнату жоспарланған. Сонымен қатар, электрмен жабдықтау жүйесін тұрақтандыру және тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Осы орайда Дамбы ауылындағы №41 тарату пунктінің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілгені атап өтілді.

Ауылдардың келбетін көркейту және тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру мақсатында абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Биыл округ аумағында 5 жаңа автобус аялдамасы мен 4 аялдама қалташасы орнатылды. Бұдан бөлек, балалар ойын алаңдары жаңғыртылып, Наурыз көшесінің бойында тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін тренажер алаңы салынды.

Сондай-ақ қоғамдық демалыс орындарын дамытуға басымдық беріліп отыр. Қазіргі уақытта Дамбы ауылындағы «Балықшылар» саябағы тұрғындардың игілігіне ұсынылып жатса, Амангелді ауылындағы «Жеңіс» саябағын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандағы жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, балалар мен жастардың спортпен шұғылдануына және отбасылық демалысқа қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Дамбы ауылында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, биыл 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Білім беру мекемесі ауыл балаларының сапалы білім алуына жағдай жасап, мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етуде. Қазіргі таңда №54 орта мектепте 241 оқушы білім алып жатыр.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, бірқатар мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер мен пікірлер мұқият тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсініктемелер берілді.

Қала әкімі Данияр Таханов тұрғындармен ашық диалог орнатудың және елді мекендердегі мәселелерді халықпен бірлесе шешудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ кездесу барысында айтылған ұсыныстар назарға алынып, оларды шешу жолдары бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Айта кетейік, мұндай кездесулер тұрғындардың талап-тілегін тікелей тыңдап, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді анықтауға және олардың шешілуін бақылауға мүмкіндік береді. Қала әкімдігі ауылдық округтердегі инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ