Қалалық әкімдік ғимараты Нұрсая шағынауданына көшетіні және жаңа ғимарат жалға алынатыны қаншалықты рас? Біз бұл сауалды шаһар басшысына жолдаған едік, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Сұрағымызға қала әкімінің орынбасары Тілек Махуов жауап берді.
– Қазіргі уақытта Атырау қаласы әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй қатынастары, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, қаржы, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы, құрылыс, экономика, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары әртүрлі ғимараттарда орналасып, өз қызметтерін жүзеге асырып келеді, - дейді Т.Алдабергенұлы бізге берген жауабында. – Аталған бөлімдер орналасқан ғимараттар Атырау қаласы әкімдігі аппаратының Іс басқармасы КММ-нің және дербес бөлімдердің теңгерімінде.
Жалға алу жоспарланып отырған ғимарат жеке кәсіпкер «Бейбарыс» меншігінде. Аталған нысанның орналасқан жері қолайлы, кең әрі инфрақұрылымы дамыған. Бұл ғимарат әкімдіктің барлық құрылымдық бөлімшелерін бір жерге шоғырландыруға мүмкіндік беріп, қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз етеді және мемлекеттік орган қызметін ұйымдастыру талаптарына толық сәйкес келеді.
Негізгі мақсат – барлық бөлімдерді бір ғимаратқа шоғырландыру арқылы «бір терезе» қағидаты негізінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Жаңа ғимараттың орналасуы ыңғайлы, кең әрі инфрақұрылымы дамыған. Бұл әкімдіктің барлық құрылымдық бөлімшелерін толық орналастыруға, қызметкерлер үшін жайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және мемлекеттік орган қызметін ұйымдастыру талаптарына толық сәйкес келуге мүмкіндік береді.
Атырау қаласы әкімдігі аппаратының Іс басқармасы КММ тапсырыс беруші ретінде мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізіп, ашық электрондық конкурс нәтижесінде жеңімпазды айқындады. Нәтижесінде бірнеше ғимаратты қамтамасыз етудің орнына бір ғимаратқа шоғырлану арқылы бюджет қаражатын шамамен 3 есе үнемдеуге мүмкіндік туып отыр.
Әлеуметтік желілерде тараған ғимараттың ай сайынғы жалдау ақысы 30 млн теңгені құрайды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Нақтысында, ғимараттың ай сайынғы жалдау құны коммуналдық төлемдер мен салықтарды қоса есептегенде шамамен 16 млн теңгені құрайды.Сонымен қатар, аталған ғимаратты сатып алу мәселесі қарастырылмаған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ
