Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Мақат ауданындағы «Ескене» шаруа қожалығының басшысы Ербол Іскалиевтің мәселесі қаралды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Фермер ақпараттық жүйеде қателікпен сойылған мал ретінде тіркеліп кеткен асыл тұқымды бұқаның мәртебесін қалпына келтіруге көмектесуді сұрайды. Осыған байланысты одан 150 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік субсидияны қайтару талап етілген.
Кәсіпкердің айтуынша, 2025 жылдың желтоқсан айында ол 11 бас ірі қара малды союға ветеринариялық құжаттарды рәсімдеген. Кейіннен тізімге іс жүзінде осы уақыт бойы шаруашылықта болған асыл тұқымды бұқаның да қателікпен енгізілгені анықталған.
Ветеринариялық қызмет жүргізген тексеру барысында жануардың шаруашылықта бары расталды. Алайда тексеру актісінде оның құлақ сырғасының нөмірі ақпараттық жүйедегі мәліметтерге сәйкес келмейтіні көрсетіліп, бұл үшін жауапкершілік кәсіпкерге жүктелген. Фермер мұндай қорытындымен келіспейді.
Ербол Іскалиевтің айтуынша, мәселе құлақ сырғасы ауыстырылғаннан кейін туындаған.
«Бұқаны Батыс Қазақстан облысынан әкелдім. Құлағындағы сырғасы түсіп қалып, Мақаттың ветеринар дәрігерлері келіп жаңасына ауыстырды. Кейін ескі сырғаны жеке мамандар арқылы қалпына келтіріп алдым, ол қазір менде сақтаулы. Енді базада бұқам сойылған болып тұрғандықтан, менен субсидияны қайтаруды талап етіп отыр», – дейді фермер.
Кәсіпкерлер палатасының өкілдері бұл жағдай жан-жақты зерделеуді қажет ететінін айтады.
«Нақтысында жануар бар. Алайда ол сою тізіміне енгізіліп кеткендіктен, кәсіпкерден төленген субсидияны қайтару талап етілуде. Мұндай жағдайдың қалай орын алғанын анықтау қажет. Ең бастысы – жануар тірі, сондықтан мемлекеттік қолдауды автоматты түрде қайтаруды талап етуге болмайды», – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша секторының меңгерушісі Сәрсенбай Жолдыбаев.
Мақат аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гүлнұр Атабаеваның айтуынша, субсидияны қайтару туралы хабарлама «Plem.kz» ақпараттық жүйесіндегі мәліметтер негізінде жолданған.
«Біз ветеринариялық станцияға сұраныс жолдап, жануардың союға жіберілгені туралы анықтама алдық. Осы мәліметтердің негізінде кәсіпкерге хабарлама жіберуге міндетті болдық. Субсидияны қайтару мерзімі – 14 тамызға дейін», – деп түсіндірді ол.
Өз кезегінде Мақат аудандық ветеринариялық станциясының директоры Данияр Айтпенбет жануардың іс жүзінде шаруашылықта екенін растады. Алайда қолданыстағы қағидалар ақпараттық жүйедегі жазбаны өз бетінше түзетуге мүмкіндік бермейтінін айтты.
«Шын мәнінде мал бар. Мәселе оның құлақ сырғасының сою тізіміне түсіп кеткенінде. Қазіргі таңда біз базаға өзгеріс енгізе алмаймыз. Ол үшін кәсіпкер ресми бас тарту жауабын алып, сотқа жүгінуі қажет. Сот шешімі шыққаннан кейін ғана жүйедегі мәліметтерді қалпына келтіруге болады», – деді ол.
Кәсіпкерлер палатасының өкілдері заңнамаға сәйкес жануардың сойылғаны туралы мәлімет ақпараттық жүйеге тек нақты сойылған жағдайда ғана енгізілуі тиіс екенін атап өтті. Сондықтан тірі асыл тұқымды бұқаның сойылған малдар тізіміне енуі құқықтық тұрғыдан бағаланып, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі қателіктер түзетілуі қажет.
«Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені сотқа дейінгі тәртіппен шешудің жолдарын қарастырады және оны орталық деңгейде көтереді. Егер қолданыстағы нормалар бизнес үшін артық әкімшілік кедергілер туғызса, онда оларды өзгерту жөнінде бастама көтеру қажет», – деп Кеңес отырысын қорытындылады Сәрсенбай Жолдыбаев.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ